KMG PetroChem IMBC құрамына кірді

10 қазан күні Мұнай-газ машина жасау Форумы мен Операторлардың ашық есік күні аясында «KMG PetroChem» ЖШС-нің Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталыққа (IMBC) ресми түрде қосылуына арналған салтанатты қол қою рәсімі өтті.
Бұл қадам Қазақстандағы жергілікті мазмұнды (ICV) дамытуды жаңа деңгейге көтеріп, ел ішінде тұтынылатын және өндірілетін мұнай-газ тауарлары туралы ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтеді, деректер көлемі мен сапасын арттырады. Бұл өз кезегінде сұраныс пен ұсынысқа терең талдау жасауға, нарықтық үрдістерді анықтауға және саланы неғұрлым жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«KMG PetroChem» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы АҚ-ның 100% еншілес кәсіпорны. Компания КМГ тобының құрамындағы мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды жүзеге асырады және үйлестіреді. Негізгі қызмет бағыттарына полиэтилен өндіру зауыты мен Газды бөлу кешенін жобалау, сондай-ақ басқа да мұнай-газ химиялық жобаларды әзірлеу кіреді.