Орал қаласында өткен Мұнай-газ машина жасау форумында жетекші мұнай-газ компанияларының қатысуымен тақырыптық сессиялар өтті
2026 жылғы 16 қазанда Орал қаласында өткен Мұнай-газ машина жасау форумы және Операторлардың ашық есік күні аясында IMBC, CDIF, ірі мұнай-газ операторлары мен мұнай-газ химиясы саласындағы компаниялардың қатысуымен тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.
Сессияның бірінші бөлімінде IMBC және CDIF өкілдері ASME және API халықаралық стандарттары мен сертификаттары, сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің инвестициялық жобаларын қолдау шаралары туралы ақпарат ұсынды.
Бұдан кейін жетекші мұнай-газ компанияларының - ТШО, КПО және NCOC өкілдерінің презентациялары өтті. Баяндамашылар компаниялардың сатып алу қызметі, жабдықтар мен өнімдерге деген қажеттіліктері, сондай-ақ отандық өндірушілердің жеткізу тізбектеріне қатысу мүмкіндіктері туралы мәлімет берді.
Сессияны KMG PetroChem және Silleno компанияларының өкілдері жалғастырып, өз қызметінің негізгі бағыттары мен жабдықтар, қосалқы бөлшектер және өнеркәсіптік өнімдерді жеткізу саласында қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату перспективалары туралы баяндады.
Сатып алу сессиясымен қатар Операторлардың павильондарында B2B-кездесулер өтті. Олардың аясында отандық тауар өндірушілер компания өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, өнімге қойылатын техникалық талаптарды талқылауға, сұранысқа ие жабдықтардың сипаттамаларын нақтылауға және одан әрі ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.
.jpeg)
Сонымен қатар ірі Операторлардың өкілдерінен құралған делегация «Атамекен» мәдениет сарайының алдында ұйымдастырылған отандық тауар өндірушілер көрмесін аралады. Көрмеге Қазақстанның 40 кәсіпорны қатысып, өз өнімдерін, өндірістік әлеуетін және мұнай-газ саласына арналған шешімдерін таныстырды.
Сатып алу сессиясын, B2B-кездесулерді және көрмені өткізу Операторлардың сатып алу қажеттіліктерін таныстыруды отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін көрсетумен ұштастыруға мүмкіндік берді. Бұл тапсырыс берушілер мен әлеуетті жеткізушілер арасында тікелей диалог орнатуға қолайлы жағдай қалыптастырды.
Мұндай іс-шаралар Қазақстандағы мұнай-газ машина жасау саласын дамытудың маңызды құралы болып табылады. Олар отандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ компанияларының жеткізу тізбектеріне қатысуын арттыруға және өндірісті жергіліктендіру мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.