Орал қаласындағы Мұнай-газ машина жасау форумы және Операторлардың ашық есік күні
2026 жылғы 16 қазанда Орал қаласында Мұнай-газ машина жасау форумы және Операторлардың Ашық есік күні өтті. Дәстүрлі іс-шараны Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық (IMBC) Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, «PSA» ЖШС-нің, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның, сондай-ақ жетекші мұнай-газ және мұнай-газ химиясы операторлары - «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC N.V., «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «KMG PetroChem» ЖШС және «Silleno» ЖШС қолдауымен ұйымдастырды.
2026 жылы Форумның өткізілуі ерекше маңызға ие, өйткені биыл IMBC-дің құрылғанына бес жыл толып отыр. Қысқа уақыт ішінде IMBC Операторлар, мемлекеттік органдар және отандық өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты алаңын қалыптастырды. Орталық мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға және қазақстандық кәсіпорындардың әлемдегі ең ірі әрі бірегей жобалардың жеткізу тізбектеріне қатысуын кеңейтуге елеулі үлес қосып келеді.

Форумның маңыздылығы мен ауқымы қатысушылар санының жыл сайын артуымен расталады. Биыл іс-шараға 800-ден астам адам қатысты, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Форумға мемлекеттік органдардың, мұнай-газ химиясы жобалары операторларының, отандық және халықаралық өндірушілердің, салалық қауымдастықтар мен іскерлік қоғамдастық өкілдері қатысты.

Форумның пленарлық отырысын Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Серік Салауатұлы Қожаниязов ашып, Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың құттықтау сөзін оқып берді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппаратының басшысы Нұрділдә Серікұлы Ораз және Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ерлан Есенәліұлы Ақбаров құттықтау сөз сөйледі.
Форумда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шафкат Құдабаев, «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Уильям Лакоби, KPO Бас директоры Марко Марсили, NCOC N.V. Басқарушы директорының орынбасары Жандос Оразалиев, «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасы Диаз Диянов сөз сөйледі.
Өз сөзінен кейін NCOC N.V. Басқарушы директорының орынбасары Жандос Оразалиев IMBC Бас директоры Дастан Әбішевке NCOC атынан алғыс хат табыстап, IMBC ұжымын құттықтады.

IMBC Бас директоры Дастан Әбішев Орталықтың құрылған сәттен бастап соңғы бес жыл ішінде атқарған жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелері туралы баяндады. Ол мұнай-газ саласына арналған қазақстандық тауарлар өндірісін дамытуға жәрдемдесу жөніндегі жұмыстарға тоқталып, қазақстандық өндірушілердің мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларының жеткізу тізбектеріне қатысуын одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

«Мұнай-газ машина жасауды дамыту дегеніміз - отандық кәсіпорындар ірі Операторлардың нақты сұранысына сай өнім ұсына алатын, халықаралық стандарттарды енгізетін, жаңа технологияларды игеретін және өндірістік құзыреттерін жүйелі түрде арттыратын тұрақты өндірістік экожүйені қалыптастыру. IMBC-тің міндеті - Операторлардың сұранысы мен қазақстандық өндірістің мүмкіндіктері арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, отандық өнеркәсіптің ұзақ мерзімді дамуына және отандық тауар өндірушілердің экспорттық әлеуетін ашуға жағдай жасау», - деп атап өтті Дастан Әбішев.
Форумның пленарлық отырысын KAZENERGY қауымдастығының Бас директоры Жандос Демесінұлы Нұрмағанбетов жүргізді.
Форум аясында Операторлар мен отандық кәсіпорындар арасында жасалатын келісімшарттардың құны жыл сайын тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өткен жөн. Мұның айқын дәлелі - «ҚазМұнайГаз», Операторлар және отандық компаниялар арасында жалпы сомасы шамамен 700 млн АҚШ долларын құрайтын келісімшарттарға қол қою рәсімі. Бұл өткен жылғы Форум көрсеткішінен 240 млн АҚШ долларына артық. Жаңа келісімдердің жасалуы қазақстандық өндіріс өнімдерін жеткізуді кеңейтуге және ел ішіндегі өндірістік құзыреттерді одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
.jpg.jpeg)
.jpg.jpeg)
.jpg(1).jpeg)
.jpg.jpeg)
Бағдарламаның маңызды бөлігі Операторлардың ашық есік күні болды. Оның негізгі мақсаты - Операторлар мен отандық өндірушілер арасында тікелей байланыс орнату. Іс-шараға Операторлардың 100-ден астам техникалық маманы қатысты.
Мұнай-газ саласын дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлерді салтанатты марапаттау рәсімі аясында Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров IMBC Бас директоры Дастан Әбішевке Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін табыстады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мұнай-газ саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен жоғары кәсібилігі үшін Операторлардың қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Құрмет грамоталарын табыстады.


Бұдан бөлек, IMBC Бас директоры Дастан Әбішев отандық мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға, халықаралық стандарттар мен озық технологиялық шешімдерді енгізу бағытындағы жүйелі жұмысына, өндірісті табысты жергіліктендіруге және Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін отандық кәсіпорындарға алғыс хаттар табыстады.


IMBC Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен және Операторлармен бірлесіп, Операторлар, мемлекеттік органдар мен отандық өндірушілер арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Бұл жұмыс мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға, ел ішіндегі құндылық үлесін арттыруға және Қазақстанның өнеркәсіптік әрі экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған.