Мәжілісте ірі мұнай-газ жобаларындағы ішкі құндылықты дамыту мәселелері талқыланды
2026 жылғы 7 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет басшысы Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен ірі мұнай-газ жобаларындағы елішілік құндылықты (ІҚ) дамыту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдаулар өтті.
Тыңдау барысында қазақстандық қамту үлесін арттырудың және ірі мұнай-газ жобаларының жеткізу тізбегіне отандық өндірушілердің қатысуын кеңейтудің өзектілігі атап өтілді. Өндірісті нақты жергіліктендіруді бақылауды күшейтуге және жергілікті қамту бойынша талаптардың формалды түрде орындалуына жол бермеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров өз сөзінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді (ТЖҚ) сатып алуының жалпы көлемі 4,6 трлн теңгеден асқанын хабарлады. Бұл соманың 60%-дан астамы үш ірі оператордың үлесіне тиесілі.
ТШО Бас директоры Уильям Лакоби 2025 жылы қазақстандық қамту үлесі 71%-ды, ал тауарлар бойынша - 15%-ды құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артық екенін мәлімдеді. Бұл өсім сатып алу көлемінің ұлғаюымен де, отандық өндірушілердің сапа, қауіпсіздік және сатып алу процедуралары талаптарын сақтай отырып, неғұрлым күрделі жобаларға қатысуын кеңейтуімен де байланысты.
ҚПО жергілікті қамтуды дамытудың бекітілген ұзақ мерзімді бағдарламасының принциптеріне толықтай адалдығын сақтайды. ҚПО Бас директорының орынбасары Никола Аллегро 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания тауарларды сатып алуда 18% жергілікті қамтуға (55 млн АҚШ доллары) қол жеткізгенін және сынамалық тапсырыстар санын 12%-ға дейін арттырғанын хабарлады.
NCOC Басқарушы директоры Джанкарло Рую қазақстандық бизнеспен ынтымақтастықтың сәттілігін атап өтіп, Қазақстанда күрделі өнімдерді шығаруға басымдық берілетініне тоқталды. Солтүстік Каспий жобасының операторы 30 жылдық жұмыс ішінде жергілікті қамтуға 18,5 млрд АҚШ долларын бағыттап, тұрақты өсімді қамтамасыз етті және 2025 жылы жергілікті қамтудың 70,2% көрсеткішіне қол жеткізді.
Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықтың (IMBC) Бас директоры Дастан Әбішев қазақстандық өндірушілердің әлеуетін дамытуға, технологиялар трансферіне және өндірісті жергіліктендіруге бағытталған Орталықтың ағымдағы қызметі туралы есеп берді. Баяндама аясында ірі Операторларға қажетті 115 мыңнан астам тауар позициясына талдау жасалып, соның нәтижесінде жергіліктендірудің басым бағыттары анықталғаны айтылды. Бүкіл Қазақстан бойынша 270-тен астам отандық тауар өндірушілерге барып, бағалау жүргізілді. Отандық кәсіпорындардың әлеуеті ірі операторлардың талаптарына және халықаралық стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан зерделенді. Осы жұмыс аясында ірі операторлар сұранысқа ие өнімдерді шығаратын өндірушілер үшін 18 жеке Әлеуетті дамыту жоспары әзірленді. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілерді бағалау барысында қажетті технологиялық базасы, халықаралық сертификаттары және халықаралық жобаларға өнім жеткізу тәжірибесі бар, әлеуеті жоғары 80-нен астам өндіруші анықталғаны атап өтілді.

Инвесторлармен және OEM-өндірушілермен бірлесіп ҚР аумағында 9 өндіріс жергіліктендірілді. 2026 жылы қосымша 10 жаңа өндірісті жергіліктендіру жоспарлануда. Алғаш рет жергілікті өндірушілер халықаралық стандарт бойынша манометрлер, кедергі термометрлері, мембраналық бөлгіштер, күштік кабельдер, жарылыстан қорғалған жабдықтар, тез ажыратылатын қысқыштар, композиттік материалдар сияқты тауарларды шығарып, оларды Операторлар сатып алуда.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының, ҚР Энергетика министрлігіның, «PSA» ЖШС өкілетті органының және ірі Операторлардың бірлескен күш-жігерінің арқасында бүгінгі таңда Операторлар мен отандық өндірушілер арасында жалпы сомасы 800 млн АҚШ долларынан асатын 200-ден астам келісімшарттар, сынамалық тапсырыстар мен жеткізуге арналған өтінімдер жасалды.

Баяндамалар аяқталғаннан кейін жобаларды іске асыру бойынша белсенді талқылау өтті, оның барысында Мәжіліс депутаттары мен салалық қауымдастық өкілдері отандық өндірушілерді тартуға қатысты бірқатар сұрақтар қойды.
Парламенттік тыңдауларды өткізу өндірісті жергіліктендіру, өнеркәсіптік әлеуетті дамыту және Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларын іске асырудан тұрақты экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстың жоғары маңыздылығын растады.