Теңізшевройлдың аймақтық экономикаға оң әсері

01 маусым 2026
Теңізшевройлдың аймақтық экономикаға оң әсері

Жетістік тарихы

 

 

Стратегиялық әріптестіктің мысалы ретінде «Теңізшевройл» мен IMBC ынтымақтастығын айтуға болады.

 

IMBC (Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық) жергілікті өндірушілерді саланың қажеттіліктерімен байланыстыра отырып, ҚР-дағы мұнай-газ жабдықтарының өндірісін локализациялауға ықпал етеді.

 

IMBC Қазақстан үкіметінің бастамасымен Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының ірі операторлары – ТШО, NCOC және KPO құрған болатын. Өткен жылы IMBC қатысушылар құрамына Kalamkas-Khazar Operating, Silleno және KMG PetroChem жобаларының операторлары енді. IMBC негізгі мақсаты - операторлардың қажеттіліктеріне арналған мұнай-газ жабдықтарының жергілікті өндірісін дамытуға жәрдемдесу.

 

Өндірушілерімен өзара әрекеттесуге ден қояр алдында IMBC одан арғы әріптестіктің дайындық іс-шараларын өткізеді. Бірінші кезекте IMBC операторлардың сұранысын егжей-тегжейлі талдайды: сатып алынатын өнім туралы деректерді жинақтап, техникалық өңдеуді жүзеге асырады. Осы зерттеу негізінде жоғары сұранысқа ие тауар позициялары анықталады

Келесі кезең операторлардың талаптарына сәйкес өнім өндіретін әлеуетке ие кәсіпорындарды анықтау үшін мұнай-газ жабдықтарын өндіруші қазақстандық нарықты талдау болып табылады. Ашық дереккөздерден алынған мәліметтер негізінде мемлекеттік органдармен және салалық қауымдастықтарымен бірге жұмыс жүргізіле отырып, қазақстандық тауар өндірушілердің тізбесі қалыптастырылады. Дәл осы кезде IMBC отандық өндірушілермен өзара әріптестігі басталады. IMBC оларға ресми сауалдар жолдап, келіссөздер жүргізеді және өндіріс орындарына шығуды ұйымдастырады. Сапар барысында IMBC сарапшылары кәсіпорынмен танысады және операторлардың талаптарына сәйкес оның техникалық дайындығын бағалайды.

 

 

 

 

 

 

Зауыттармен жүргізілген бірлескен жұмыс және өндірістік алаңдарда болу қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қалыптастырылып, жолданады:

 

  • Егер дайындық деңгейі жеткілікті болса, IMBC операторларға компанияны әлеуетті өндіруші ретінде қарастыруды ұсынады.

  • Егер олқылықтар анықталса, IMBC қажетті шараларды қолдана отырып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар әзірлейді.

 

Бұл ретте қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Оның жайын біз Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықтың (IMBC) бас директоры Дастан Әбішевтен сұрап-білуге тырысып көрдік.

 

 

 IMBC нарықтағы қандай мәселені шешеді және қарапайым азаматтар одан қандай пайда табады?

— IMBC ірі операторлардың қажеттіліктері мен жергілікті өндірістің ағымдағы мүмкіндіктері арасында «көпір» орнатуға жәрдемдеседі. Елімізде алғаш рет бірнеше ірі операторлардың сұранысы туралы ақпаратты шоғырландыру тетігі құрылды. Бұл масштабты әсер береді: өндіруші жан-жақты ақпаратқа қол жеткізе алады, жаппай өндірісті жоспарлай алады, өзіндік құнды төмендетеді және рентабельділікті арттырады.

Айта кету керек, ASME, API, ISO, IEC/IECEx және басқа да халықаралық сертификаттардың болуы ерекше маңызға ие. Олардың талаптары жоғары технологиялық және күрделі кен орындарында жабдықты пайдаланудың ерекше жағдайларын қарастырады. Халықаралық стандарттар мен сертификаттау талаптары осындай күрделі жобалар бойынша үздік әлемдік жұмыс тәжірибесіне негізделген.

Мұндай сертификаттардың құны 30-дан 250 мың АҚШ доллары аралығына дейін қамтуы мүмкін, бұл отандық өндірушілер үшін үлкен кедергі болып табылады.

 

Бұл ретте ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қолдаған IMBC сертификаттау шығындарын мемлекеттік өтем шегін 3 000-нан 15 000 АЕК-ке дейін ұлғайту туралы ұсынысты маңызды жетістік ретінде атауға болады. Бұл шешім отандық кәсіпорындардың операторлардың сатып алуларына қатысу мүмкіндіктерін едәуір арттырады.

 

Қазақстанның қатардағы азаматтары үшін IMBC қызметінің мына нәтижелерін бөле-жара атауға болады:

 

  • машина жасау өнеркәсібін дамыту қосымша жұмыс орындарын, тұрақты табысты қалыптастырады, біліктілікті арттыру және халықаралық еңбек нарығына шығу мүмкіндігін тудырады;

  • әлеуметтік инфрақұрылымдарға – мектептерге, жолдарға, медициналық мекемелерге бағытталған салық түсімдерінің өсімі.

 

 

— IMBC «Теңізшевройлмен» ынтымақтастығының мәні мен бірегейлігі неде? Бұл реттегі серіктестік алдына қандай стратегиялық мақсат қоясыздар?

— IMBC мен «Теңізшевройл» ынтымақтастығы стратегиялық және жүйелі сипатқа ие. Бұл жай ғана талдау емес, бұл бүкіл өндірушілер нарығын өзгертуге бағытталған жұмыс - отандық кәсіпорындардың деңгейін халықаралық сапа стандарттарына дейін көтеру.

ТШО-мен жұмыс сапаға, өнеркәсіптік қауіпсіздікке және технологиялық тәртіпке қойылатын жоғары талаптарды танытады. ASME, API, ISO және басқа да халықаралық стандарттарды енгізуді ынталандырады. Нәтижесінде отандық компаниялар сапа менеджментінің заманауи жүйелерін енгізеді, жабдыққа инвестиция салады, қызметкерлерін оқытады және халықаралық сертификаттаудан өтеді.

 

 

IMBC мен ТШО-ның қолдауы арқылы қазақстандық компанияларды дамыту

 

IMBC құрылғаннан бері сарапшылар 300-ден астам қазақстандық кәсіпорындарға барып, талдау жасады. Әр сапардың қорытындысы бойынша мамандар өздері болған кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктері туралы толық есеп дайындады. 90-ға жуық кәсіпорын өндірушілердің шорт-парағына, яғни операторлар арасында тұрақты жоғары сұранысқа ие өнімдерді шығаратын немесе шығаруға қабілетті компаниялар тізіміне енді.

Ондаған отандық кәсіпорындар қазірдің өзінде ТШО-ның білікті өндірушілерінің тізіміне еніп үлгерген. Бұл оларға халықаралық жеткізушілермен тең дәрежеде байқауға қатысу құқығын береді. Тағы тоғыз компания қазір IMBC ұсынымдарын енгізу сатысында және отандық өндірушілердің әлеуетін дамыту шеңберінде ТШО-ның ішкі біліктілігінен өту барысында.

 

 

IMBС мен ТШО ынтымақтастығы өнеркәсіпке инвестициялар тартуға ықпал етеді, өйткені ТШО - тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің үлкен көлемін үнемі сатып алатын Қазақстандағы ірі мұнай-газ операторларының бірі. Бұл локализацияланған өнімдерге тұрақты сұранысты қалыптастырады және халықаралық жеткізушілер мен өндірушілердің инвестициялық белсенділігін ынталандырады.


Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының үш ірі операторымен бірлескен жұмыс барысында 10 локализация жобасы жүзеге асырылды. Бұл жобалар шамамен 20 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік беріп, 360-тан астам жұмыс орнын ашты.

Локализацияланған шетелдік компаниялардың қатарына Honeywell, WIKA, Slb, Petrovalves және басқа да мұнай-газ саласына арналған жабдықтарды, компоненттерді өндірушілер кіреді. Шетелдік түпнұсқа жабдықты өндірушімен орнатылған серіктестік технологиялар трансферін және халықаралық сапа, өнеркәсіптік қауіпсіздік және өндірістік менеджмент стандарттарын енгізуді қамтамасыз етеді.

 

 

 

 

 

Локализациялау қазақстандық қамту үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтуға, өндірістік тізбектерді қалыптастыруға және жоғары технологиялық өнімдер импортына деген тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстандық кәсіпорындар инженерлік және өндірістік құзыреттілік деңгейін арттырады. Бұл одан әрі индустрияландыруды жүзеге асыруда технологиялық іргетас рөлін атқарып, ішкі және сыртқы нарықтарда отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз етеді.

Тұтастай алғанда, IMBС мен ТШО ынтымақтастығы жергілікті қамтуды дамытудың, тікелей инвестицияларды тартудың және Қазақстанның халықаралық өнеркәсіптік кооперацияға кірігуінің жүйелі құралы болып табылады. Бұл арада тек өндірісті локализациялау ғана емес, сонымен қатар ел ішінде жоғары технологиялық қосылған құнды құруға негізделген ұзақ мерзімді өсу моделін қалыптастыру туралы сөз болып отыр.

HOTLINE