IMBC Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы аясында «Мұнай-газ машина жасау» тақырыбында секциялық отырыс өткізді

03 сәуір 2026
IMBC Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы аясында «Мұнай-газ машина жасау» тақырыбында секциялық отырыс өткізді

Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы аясында саланың негізгі даму бағыттарын қамтыған бірқатар панельдік сессиялар мен секциялық отырыстар өткізілді.

 

Форумның басты оқиғасы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов қатысқан пленарлық отырыс болды. Онда өнеркәсіптік даму саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары талқыланды.

 

Премьер-Министр сондай-ақ отандық өндірушілер көрмесімен танысып, онда қазақстандық кәсіпорындардың жетістіктері мен машина жасау саласындағы болашағы бар жобалар ұсынылды.

 

2026 жылғы 3 сәуірде Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы аясында Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық (IMBC) мұнай-газ машина жасауға арналған секциялық отырыс өткізді.

 

Отырысқа мемлекеттік органдардың, «PSA» ЖШС өкілетті органының, ірі Операторлардың, мұнай-газ химиясы жобаларының өкілдері, отандық тауар өндірушілер мен әлеуетті инвесторлар қатысты.

 

Секциялық отырыс барысында қатысушылар Қазақстан Республикасындағы ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларында ішкі құндылықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.

 

ҚР Энергетика министрлігінің өкілі құттықтау сөз сөйлеп, мұнай-газ машина жасау саласын дамытудағы мемлекеттің маңызды үлесін және ірі жобалардағы ішкі құндылықты арттырудағы рөлін атап өтті.

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі қатысушыларды қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен және мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырды.

 

IMBC Бас директоры Дастан Әбішев Орталықтың ағымдағы қызметінің жай-күйін таныстырып, ішкі құндылықты дамыту және отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы негізгі басымдықтарды атап өтті.

 

Ол IMBC жергілікті кәсіпорындардың әлеуетін және нарықты кешенді бағалайтынын, халықаралық стандарттарға сәйкестікке ерекше назар аударатынын айтты. Жұмыс жергілікті өндірістің мүмкіндіктерін нығайтуға және кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, Дастан Әбішев: «IMBC операторлардың 115 мыңнан астам тауарлық позициясына талдау жүргізді. Операторлар тарапынан жоғары сұранысқа ие 110-нан астам тауар түрі анықталып, басым бағыттар белгіленді. Сондай-ақ, 270-тен астам қазақстандық кәсіпорындарға барып, өндірістік алаңдарды зерделеу арқылы олардың операторлар талаптарына сәйкес өнім шығару әлеуеті бағаланды», - деп атап өтті.

 

Ірі мұнай-газ жобаларының операторлары (KPO, NCOC, TCO) сатып алулардағы ішкі құндылықты дамыту мәселелерін атап өтіп, отандық өндірушілердің жеткізу тізбегіне қатысуын кеңейтудің стратегиялық маңыздылығын жеткізді. Сондай-ақ жергілікті қамтуды арттыруға және өнеркәсіптің тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған бастамалар ұсынылды.

 

KPO ішкі құндылықты дамытудың жаңа ұзақ мерзімді тұжырымдамасын ұсынды, оның негізгі элементі отандық тауар өндірушілер үшін шартты жеңілдікті 10%-дан 20%-ға дейін арттыру болды. Жүйелі қолдау аясында компания тендерлік процедураларды қайта қарап, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу (10 жылға дейін) және жоғары технологиялық жабдықтар сатып алуға жеңілдетілген қолжетімділік тетіктерін енгізді.

 

NCOC жергілікті қамтудың тұрақты өсімін көрсетуде, 2025 жылы жергілікті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін төлемдер 606 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 97 млн долларға артық.

 

TCO қазақстандық қамту үлесін жоспарлы түрде арттыруды жалғастыруда, ол 2025 жылдың қорытындысы бойынша 71%-ға жетті. Компания барлық санаттар бойынша Энергетика министрлігімен келісілген мақсаттардың орындалуын көрсетті, атап айтқанда, тауарларды сатып алуда – 15%.

 

 

«QazaqGaz» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Батыржан Тергеусізов ұлттық компанияның инвестициялық жобалары аясында жергілікті қамтуды дамыту туралы баяндады.

 

QazaqGaz соңғы жылдары жергілікті қамту үлесін 93-95% деңгейінде сақтап, ішкі құндылықты дамыту бойынша жоғары көрсеткіштер көрсетуде. 2025 жылы отандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі 26,15 млрд теңгені құраса, жасалған келісімшарттар сомасы 4,45 млрд теңгеге жетті.

 

Іс-шара барысында «KMG PetroChem» ЖШС Басқарма төрағасы Диаз Диянов мұнай-газ химиясы саласында өндірістерді жергіліктендіру бойынша компанияның ағымдағы бастамалары туралы айтты.

 

Атап айтқанда, Диаз Диянов қол қойылған EPC-келісімшарттар аясында ішкі құндылық бойынша міндеттемелер кемінде 30% деңгейінде бекітілгенін атап өтті.

 

Ал «Силлено» ЖШС өкілі мұнай-газ химиясы өндірісінде жергіліктендіру бойынша шешімдерді енгізудің практикалық аспектілерімен бөлісті.

 

Капиталдық салымдардың жалпы сомасы 7,4 млрд АҚШ долларын құрайтын жобада қазірдің өзінде ілгерілеушілік бар: пиролиз қондырғысының дайындығы 42,4%-ды құрайды, ал қазақстандық қамтуды дамытуға 23 отандық компания тартылып, олармен 750 млн АҚШ доллардан астам сомаға келісімшарттар жасалған.

 

 

Іс-шара соңында қатысушылар секциялық отырысты диалог алаңы ретінде пайдаланып, операторлармен өзекті мәселелерді талқылады.

HOTLINE