Отандық машина жасауды дамыту: IMBC сарапшылары NCOC өндірістік нысандарына барды

24 шілде 2026
Отандық машина жасауды дамыту: IMBC сарапшылары NCOC өндірістік нысандарына барды

IMBC мамандары Солтүстік Каспий жобасының операторы әрі Қашаған кен орнын игеруді жүзеге асыратын North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) компаниясының өндірістік нысандарына жұмыс сапарымен барды.

 

Жұмыс сапары мұнай мен газды жерүсті дайындау кешенінің өндірістік инфрақұрылымымен танысу мақсатында ұйымдастырылды.

 

 

Бағдарлама Eskene West өндірістік алаңына барудан басталды. Онда қатысушылар нысанға кіру рәсімдерінен өтіп, өндірістік қауіпсіздік талаптарымен танысты.

 

Келесі кезеңде делегация Samal Camp кешеніне барды. Мұнда NCOC өкілдері күкіртсутегінің (HS) болуы ықтимал жағдайларда жұмыс істеу кезіндегі міндетті қауіпсіздік нұсқамасын өткізіп, қатысушыларды жерүсті өндірістік кешеннің басшылығымен таныстырды. Сондай-ақ Onshore Processing Facility (OPF) – мұнай мен газды жерүсті дайындау кешенінің технологиялық қондырғылары туралы таныстырылым өткізілді.

 

Сапар барысында Central Control Building, оның ішінде өндірістік кешендегі барлық негізгі технологиялық процестер тәулік бойы бақыланып, басқарылатын Central Control Room – орталық басқару пунктіне ерекше назар аударылды. IMBC өкілдері заманауи цифрлық диспетчерлік басқару жүйелерімен, технологиялық параметрлерді бақылау құралдарымен және өндірістік нысандарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жүйелерімен танысты.

 

Кешен аумағын шолу барысында мамандар OPF-тің негізгі технологиялық қондырғыларын, оның ішінде мұнай дайындау, газ дайындау және күкіртті қалпына келтіру қондырғысын (Sulfur Recovery Unit) аралады. Бұл қатысушыларға көмірсутек шикізатын дайындаудың толық технологиялық тізбегімен және Солтүстік Каспий жобасының өндірістік инфрақұрылымының ауқымымен тәжірибелік тұрғыда танысуға мүмкіндік берді.

 

Қашаған – соңғы бірнеше онжылдықта ашылған әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Кен орнының геологиялық қоры шамамен 35 миллиард баррель мұнайды, ал өндірілетін қоры 9–13 миллиард баррельді құрайды. Бұл көрсеткіштер жобаны әлемдік мұнай-газ саласындағы ең ауқымды әрі технологиялық тұрғыдан күрделі жобалардың біріне айналдырады.

 

 

Қашаған жобасын Eni, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC, Inpex және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ кіретін халықаралық консорциум жүзеге асырады. Жобаның ауқымы мен технологиялық күрделілігі жабдықтардың сенімділігіне, материалдардың сапасына, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарының сақталуына және жеткізушілердің дайындық деңгейіне жоғары талаптар қояды.

 

Бұл сапар IMBC мамандарына әлемдегі ең технологиялық күрделі мұнай-газ жобаларының біріндегі өндірістік процестердің ұйымдастырылуын тереңірек түсінуге, заманауи өндірістік үдерістермен, жабдықтарға қойылатын талаптармен және NCOC нысандарында қолданылатын жоғары өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарымен танысуға мүмкіндік берді.

 

Алынған тәжірибе IMBC-нің отандық машина жасауды дамыту, қазақстандық өндірушілерді халықаралық мұнай-газ операторларымен ынтымақтастыққа дайындау және жоғары технологиялық өнімдерді жергіліктендіруді ілгерілету жөніндегі алдағы қызметінде пайдаланылатын болады.

 

IMBC компаниясы NCOC-ке сапарды ұйымдастырғаны, тәжірибе алмасуға ашық болғаны және Солтүстік Каспий жобасының өндірістік нысандарының жұмысымен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдіреді.

HOTLINE