IMB Орталығының Бас директоры 2022 жылға жоспарларды хабарлады
"Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық" ЗТБ (IMB Орталығы) Бас директоры Марат Кәрімов Zakon.kz-ге берген сұқбатында жұмыстың алғашқы нәтижелері және болашақ жоспарлар туралы айтып берді.
- Марат Шайдоллаұлы, IMB Орталығы құру мақсаты туралы қысқаша айта өтсеңіз?
Қазақстан салыстырмалы жас мемлекет бола отырып, тауарлар импортына қатты тәуелді мемлекеттердің бірі болып табылады, әсіресе өзінің ірі мұнай-газ жобалары үшін. Қазақстан егеменді ел болғалы бері ішкі құндылықты дамыту бағытында бірнеше бастамалар көтерілді және олардың көпшілігі табысты болды, атап айтқанда, мұнай-газ секторында қызмет көрсетуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.
Машина жасау өнімдерін өндіру бойынша қуаттарды дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеруші үш ірі мұнай-газ операторларымен мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық құру туралы шешім қабылданды.
Біздің Орталықты құрудағы басты мақсат – операторлардың талаптарына сәйкес мұнай-газ өнімдерін жеткізуге әлеуеті бар жұмыс істеп тұрған өндірушілердің жергілікті нарығын зерттеу арқылы, сондай-ақ қажет болған жағдайда олардың қуатын дамыту әлеуетін қолдау арқылы қазақстандық мұнай-газ тауарының өндірісін дамытуға жәрдемдесу. Сонымен қатар, халықаралық тауар өндірушілермен олардың өндірісін елімізде жергіліктендіруде тығыз жұмыс жасау, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құруға және технологиялар мен ноу-хау трансфертіне қолдау көрсету арқылы инвестиция тарту мақсаты тұр.
IMB Орталығы коммерциялық емес ұйым болып табылады және үшінші тұлғалардың қызметін қаржыландырмайды.
- Орталық қашан құрылды?
2020 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «PSA» ЖШС уәкілетті органы, «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ және «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» сияқты ірі операторлар арасында ниет туралы келісімге қол қойылды және онда IMB Орталығын құрудың негізгі қағидаттары мен оның қызмет аясы белгіленді.
Құрылтай құжаттарының және басқа да байланысты құжаттардың ерекшеліктерін ескере отырып, оларды әзірлеу және негізгі мүдделі тараптар арасында одан әрі келісу процесі біраз уақытты алды. Нәтижесінде IMB орталығы 2021 жылдың сәуірінде жұмыс істей бастады.
Қауымдастық 2021 жылдың 22 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан машина жасаушыларының IX форумында машина жасау саласы мен қоғамға таныстырылды.
2021 жылдың қазан айынан бастап IMB орталығы негізгі қызметін бастады.
- 2021 жылдың негізгі нәтижелері қандай?
2021 жылы ірі операторлардың ұсынымдарына сәйкес IMB Орталық үш басым тауарлар тобына, атап айтқанда: клапандарға, электр жабдықтарына және бақылау-өлшеу аспаптарына, сондай-ақ оларды өндіру бойынша нарық мүмкіндіктеріне талдау жүргізді.
Қажеттіліктерді талдау негізінде барлық қолжетімді көздерден жоғарыда аталған тауар топтарының өнімдерін өндіретін отандық өндірушілердің тізімі анықталды. 2021 жылдың қазан-қараша айлары аралығында еліміздің 10 облысы мен республикалық маңызы бар үш қалада 50-ге жуық жергілікті тауар өндірушілердің өндіріс орындарын аралаумен көшпелі іс-шаралар өткізілді.
Өндірушілерді аралау одан әрі талдау, сәйкес өндірушілерді анықтау және нарық мүмкіндіктерін операторлардың қажеттіліктерімен сәйкестендіру, сондай-ақ жергілікті мұнай-газ машина жасауды дамытуға тосқауыл келтіретін негізгі кедергілер туралы түсінік алу үшін қажет болды. Бұл іс-шаралар күні бүгінге дейін жалғасуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы өндірістік қуаттарды және оларды ұлғайту мүмкіндіктерін анықтау, ағымдағы олқылықтарды талдау, одан кейінгі операторлардың талаптарына сәйкес даму жоспарларын әзірлеу жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар республикалық және халықаралық институттармен және даму қауымдастықтарымен, сондай-ақ ел ішінде тауар өндірісін жергіліктендіруге әлеуетті мүдделі компаниялармен белсенді жұмыс жүргізілуде.
- Жергілікті өндірушілердің Ірі Операторлардың талаптарын орындауына тосқауыл келтіретін негізгі кедергілер қандай?
Кедергілер айтарлықтай белгілі және өндірушілерді аралағаннан кейін көптеген өндірушілерге тән кейбір негізгі мәселелерді жою арқылы кейін ірі операторлар мен жергілікті өнеркәсіп арасындағы тиімді технологиялық ынтымақтастық мүмкін болатыны расталды. Атап айтқанда, ASME, API, IEC, ATEX және т.б. сияқты халықаралық сертификаттардың болмауы, сертификаттауға қол жеткізу үшін талап етілетін сапа мен стандарттардың үздіксіздігі мен тұрақты деңгейінің болмауы, басқару жүйелерін енгізу мен қолданудың салыстырмалы түрде төмен деңгейі, ЕҚ, ҚТ, ҚОҚ талаптарының сақталмауы және жеткіліксіз енгізілу, білікті техникалық персоналдың жетіспеушілігі және операторлардың талаптарына шектеулі хабардар болу.
Бұл мәселелердің көпшілігін өндірушілердің өздері шеше алатынына қарамастан, халықаралық сертификаттау үшін мемлекеттік қаржылық қолдауды арттыру қажет деп есептейміз және IMB Орталығы осы бағытта тиісті мүдделі тараптармен жұмыс істеуде.
Айта кететін тағы бір маңызды тосқауыл – жергілікті өндірушілер кедендік салықты және ҚҚС төлеуден босату жеңілдіктеріне әрдайым ие бола бермейді, бұл жергілікті өндірушілерді тиімсіз жағдайға қалдырады.
- Марат Шайдоллаұлы, 2022 жылға жоспарларыңыз қандай?
Алдағы іс-шараларға келетін болсақ, 2022 жылы IMB Орталығы жоғарыда аталған үш өнім тобы бойынша жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр, оның ішінде жергіліктендіру бойынша анықталған әлеуетті жобаларды іс жүзінде орындау және қуаттарды дамыту жоспарларын іске асыруда жергілікті өндірушілерге техникалық қолдау көрсету.
Сондай-ақ басқа да өнім топтары бойынша ұқсас жұмыстарды бастау, синергияны анықтау, сәйкес нарық талдауын жүргізу, әлеуетті инвестициялық мүмкіндіктерді іздеу және жергіліктендірудің жаңа мүмкіндіктерін ұсыну жоспарлануда.
- Жақын арада қандай өнімдер/тауарларды жергіліктендіру жоспарлануда?
2021 жылы біз үш өнім тобы (электр жабдықтары, клапандар және бақылау-өлшеу аспаптары) бойынша операторлардан 35 000-нан астам өнім деректерін алдық және өңдедік және өнім түрлерінің басым көпшілігі барлық үш Операторда бірдей сұранысқа ие екенін растай аламыз.
Операторлардың және жергілікті мұнай-газ машина жасау саласының қажеттіліктері туралы деректерді талдай отырып, біз елдің үш ірі мұнай-газ саласында қолданылатын жабдықтарға қойылатын, мысалы жоғары қысым және H2S деңгейлері сияқты қатаң талаптарға сай келетін және басқа негізгі шарттар бойынша бәсекеге қабілетті бола алатын жақын арада жергіліктендірілуі мүмкін бірнеше өнімді анықтадық. Олардың ішінде клапандар сияқты өнімдерді атап өтуге болады, атап айтқанда: қауіпсіздік клапандары, артық қысым клапандары және жарылғыш жарғақшалар, шарикті клапандар, шибер ысырмалары; БӨАжА: түтіктер мен фитингтер, деңгей өлшейтін аспаптар, БӨА кабельдері, қысымды өлшейтін аспаптар, температураны өлшейтін аспаптар; электротехникалық жабдықтар: қуат кабельдері, жарылыстан қорғалған қораптар, жарылыстан қорғалған кабельді кірмелер, жерге тұйықтау сырықтары мен шиналары, кабельдік науалар.
IMB Орталығының құрылтай құжаттарына сәйкес, әрбір Оператор өзінің ішкі рәсімдеріне сәйкес өзінің сатып алу процестерін жүзеге асырады, сондықтан біздің барлық нәтижелеріміз ұсыныстық сипатқа ие.
- Үш Оператордың талаптарына сәйкес келетін отандық өндірушілер бар ма?
Бастапқыда ұсынылған үш өнім тобы бойынша мұнай-газ машина жасау тауарларын шығаратын отандық өндірушілердің кең тізімі жасалды, оған 60-тан астам кәсіпорын кірді.
Бұл тізім Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан машина жасаушылар одағы, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен ұсынылған, сондай-ақ ашық көздерден алынған өндірушілердің деректер базалары негізінде жасалды. Сонымен қатар, IMB Орталығы осы тауар топтарының 50-ге жуық өндірушілерін, атап айтқанда өндірістік қуаттарды бастапқы бағалауды жүргізу және өндірушілер тізімін өзектендіру бойынша IMB Орталықтың бастамасына қатысуға қызығушылық танытқандарды аралады. Бүгінгі күні олардың өндірістік мүмкіндіктерін бағалап, қажеттіліктер туралы деректермен салыстырғаннан кейін, IMB Орталығы талаптарға сай келетін немесе жоғарыда аталған кейбір мәселелерді жою арқылы қысқа мерзімде талаптарды қанағаттандыра алатын отандық компаниялар бар деген қорытындыға келе алады.
- Орталық әлеуетті дамыту үшін жергілікті кәсіпорындарды таңдау кезінде қандай өлшемдерді пайдаланады?
IMB Орталығы әлеуетті өндірушілердің қуатын дамытуда техникалық қолдау көрсету үшін келесі іріктеу процесін ұстанатын болады.
Олардың өнім сұрыптамасы Операторлардың қажеттіліктері туралы деректерді талдау кезінде анықталған басым тауарлар тізіміне сәйкес болуы керек. Кез келген өндірушінің қандай да бір санкциялық тізімде жоқтығына көз жеткізу үшін тиісті этикалық сенімділікке тексеру жүргізілуі керек. Өндірушілердің техникалық және қаржылық тұрақтылығы да маңызды және оған тиісті көңіл бөлінетін болады.
Нәтижелерге келетін болсақ, IMB Орталығы жергіліктендіру әлеуеті тұрғысынан жылдам нәтижелерге қол жеткізуге бағытталатынын атап өткен жөн. Бұл әлеуетті арттыру жоспарларын іске асыру қуаттылықтары мен мүмкіндіктері сұранысы жоғары тауарларды жергіліктендіру мүмкіндігіне ие және осы жоспарлардың іс-шараларын жүзеге асыруға қызығушылық мен бейілділік танытатын өндірушілерге бағытталатынын білдіреді.
- Инвестициялар тарту туралы не айта аласыз, бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
Жетекші республикалық және халықаралық институттармен және даму қауымдастықтарымен, сондай-ақ тауарлар өндірісін жергіліктендіруге әлеуетті мүдделі компаниялармен ынтымақтастық орнатылды. 2021 жылдың соңына қарай біз бірнеше жергілікті және халықаралық компаниялармен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық, атап айтқанда:
Honeywell – температура датчиктерін, газ детекторларын және басқару шкафтарын жергіліктендіру;
PetrolValves - бірқатар клапандар өндірісін жергіліктендіру;
Sigma Solutions - жарылыстан қорғалған электр тарату қалқандарын, тарату қораптарын және жылыту жүйелерін (кабелдерді) өндіруді жергіліктендіру.
Біз бұл іс-шараларды 2022 жылы жалғастыруға ниеттіміз және негізгі мүдделі тараптардың қолдауымен олар іс жүзінде орындалады деп үміттенеміз.
- Марат Шайдоллаұлы, жоғарыда аталған барлық шаралардан кейін Орталық жұмысының нақты түпкі нәтижесі қандай?
Түпкі нәтиже кез келген нақты өнімге арналған техникалық сипаттамалар негізінде Операторлардың талаптарына сәйкес келу үшін қуатты дамыту жоспарларын ендірген және/немесе жеткілікті білікті деп саналатын жергілікті өндірушілер және/немесе бірлескен кәсіпорындар жоғары басымдылықтағы нақты тауарларға деген қажеттілікті қанағаттандыра алатыны туралы Операторларға жан-жақты ұсыныс болып табылады.
Осыған дейін айтылғандай, IMB Орталығы жұмысының нәтижелері өздерінің ішкі сатып алу рәсімдеріне сәйкес сатып алу қызметін жүзеге асыратын Операторлар үшін ұсыныстық сипатқа ие.