IMBC Шанхайда өткен CSSOPE 2026 саммитте инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетті таныстырды
2026 жылғы 3 шілдеде Шанхай қаласында өткен 16-шы China Sourcing Summit on Petroleum & Chemical Equipment (CSSOPE 2026) халықаралық саммиті аясында мұнай-газ саласындағы сатып алуларды дамытуға, өндірісті жергіліктендіруге, өнеркәсіптік кооперацияны және технологиялық әріптестікті нығайтуға арналған China–Kazakhstan Oil & Gas Procurement, Localization & Technology Partnership Session арнайы сессиясы өтті. Мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, салалық қауымдастықтардың және бизнес өкілдерінің басын қосқан Қазақстан делегациясы елдің инвестициялық әлеуетін, перспективалы өнеркәсіптік жобаларын және өндірістерді жергіліктендіру мүмкіндіктерін таныстырды.

Форумның іскерлік бағдарламасы аясында Қазақстан делегациясы, оның ішінде IMBC өкілдері мұнай-газ және мұнай-газ химиясы салаларына арналған жабдықтар, құрамдас бөлшектер мен технологиялық шешімдер өндіруге маманданған, өнімдері әлемдегі ең ірі энергетикалық жобаларға жеткізілетін Қытайдың жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарына барды. Сапар барысында қатысушылар заманауи өндірістік қуаттармен, автоматтандыру деңгейімен, сапаны бақылау технологияларымен, инженерлік зерттемелермен және кәсіпорындардың экспорттық әлеуетімен танысты.

Сессия және B2B мен B2G форматындағы екіжақты кездесулер барысында IMBC Қытайдың жетекші өндірушілерімен, технологиялық компанияларымен, EPC-мердігерлерімен және инвесторларымен келіссөздер жүргізді. Кездесулердің негізгі тақырыптары Қазақстанның инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуеті, өндірістерді Қазақстанда жергіліктендіру, бірлескен кәсіпорындар құру, технологиялар трансфері және мұнай-газ химиясы саласын дамыту болды. Қытайлық серіктестердің жоғары қызығушылығы Қазақстанның өңірлік өнеркәсіптік даму орталығы әрі жоғары технологиялық жобаларды іске асыру мен инвестициялар тартуға қолайлы алаң ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте растады.

Іс-шара қорытындысы бойынша IMBC, China Chamber of Commerce for Petroleum Industry және TOPCO арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат институционалдық ынтымақтастықты дамытуға, өндірісті жергіліктендіруді, өнеркәсіптік кооперацияны және инвестициялық әріптестікті ілгерілетуге бағытталған.

IMBC үшін қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы индустриялық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Бұл келісімдер инвестициялар тартуға, өндірістерді жергіліктендіруге, технологиялар трансферін жүзеге асыруға және мұнай-газ, сондай-ақ мұнай-газ химиясы салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.