IMBC Қауымдастық Кеңесінің отырысын өткізді
2025 жылғы 23 шілдеде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың төрағалығымен Қауымдастық кеңесінің отырысы өтті.
Қауымдастық кеңесі – Қазақстанда мұнай-газ машина жасау саласын дамыту мен өндірісті жергіліктендірудің негізгі бағыттарын талқылайтын маңызды алаң.
Отырыстың барысында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және IMBC құрылтайшылары атынан «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» ҚБ Кеңес төрағасы Узақбай Қарабалин мадақтау сөз сөйледі. Кеңес жұмысына «Қазақстандық мұнайшылар-геологтар қоғамы» ҚБ, Қазақстан Республикасының инжинирингтік компаниялар одағы, сондай-ақ «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» және «Теңізшевройл» ЖШС компанияларының бірінші басшылары қатысты. Сонымен қатар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен PSA өкілетті органың өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, «Теңізшевройл» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» және «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компанияларының басшыларының ел ішіндегі құн қалыптастыру жұмыстары және IMBC-мен бірлескен қызметі бойынша есептері тыңдалды.
IMBC Бас директоры Дастан Әбішев өз баяндамасында машина жасау саласындағы жергілікті қамтуды нығайтудың тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамудағы маңызын атап өтті. Операторлардың қажеттіліктеріне жүргізілген талдау нәтижелері ұсынылып, отандық кәсіпорындарды тартуға арналған нақты бағыттар анықталды. Сонымен қатар, жергілікті өндірушілердің әлеуетін арттыру мақсатында техникалық және сараптамалық қолдау көрсетудің нәтижелері баяндалды. Сондай-ақ, Қазақстанда халықаралық түпнұсқа жабдық өндірушілерін жергіліктендіру мен технология трансфері бойынша жүргізілген жұмыстар туралы ақпарат берілді. IMBC-нің алдағы жоспарлары да жан-жақты баяндалды.
Отырыс барысында қатысушылар отандық өндірушілер мен өндірісті жергіліктендіруді көздейтін инвесторларды қолдаудағы IMBC жұмысының оң рөлін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша ұсыныстар әзірленіп, алдағы басым міндеттер айқындалды. IMBC мемлекет, операторлар және өндірушілер арасындағы байланыстырушы буын рөлін жалғастырады.