Отандық машина жасау саласын дамыту: IMBC сарапшыларының Теңіз кен орнына жұмыс сапарының қорытындылары
IMBC мамандары Қазақстан Республикасындағы ірі мұнай-газ операторларының бірі - «Теңізшевройл» компаниясының өндірістік нысандарына жұмыс сапарымен барды.
Жұмыс сапары Теңіз кен орнының өндірістік инфрақұрылымымен, заманауи технологиялық шешімдермен және жабдықтар, материалдар мен қызметтерді жеткізушілерге қойылатын талаптармен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
«Теңізшевройл» Қазақстанның ең ірі мұнай-газ брендтерінің бірі болып табылады және жетекші халықаралық әрі ұлттық компанияларды біріктіреді. Консорциум құрамына әлемдік энергетикалық компаниялар - Chevron және ExxonMobil, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Лукойл» ЖАҚ кіреді. Бұл Теңіз кен орнындағы жобаларды іске асыру барысында қолданылатын технологиялық шешімдердің жоғары деңгейі мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін айқындайды.
Сапар аясында IMBC қызметкерлері компанияның бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаровпен және «Теңізшевройлдың» жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі командасымен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар жергілікті қамтуды дамыту және қазақстандық өндірушілердің мұнай-газ жобаларына қатысу үлесін одан әрі кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады. Әсіресе, отандық кәсіпорындарды қолдау тетіктерін жетілдіруге, оның ішінде e-Öndiris тізіліміне қатысты өзекті мәселелерге, сондай-ақ өндірісті оқшауландыруға (локализациялауға) байланысты басқа да мәселелерге ерекше назар аударылды. Талқылау қорытындысы бойынша «Теңізшевройл» мен IMBC қолданыстағы кедергілерді жоюға және отандық өндірушілердің еліміздегі ірі операторлардың жобаларына қатысуын кеңейтуге бағытталған бірқатар бірлескен бастамаларды айқындады.
Сапар бағдарламасы аясында IMBC мамандары KTL кешені мен Үшінші буын зауытын (3GP) аралады. «Теңізшевройлдың» техникалық мамандарының сүйемелдеуімен IMBC өкілдері кен орнының өндірістік инфрақұрылымымен, көмірсутек шикізатын өндіру мен дайындаудың негізгі кезеңдерімен, оның ішінде мұнайды, газды және суды бөлу, оларды кейінгі өңдеу және тасымалдау процестерімен, сондай-ақ компания нысандарында қолданылатын заманауи инженерлік шешімдермен танысты.
Алғашқы мұнайы 2025 жылғы қаңтарда алынған Үшінші буын зауыты (3GP) Теңіз кен орнын Болашақ кеңейту жобасының құрамына кіреді және Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең заманауи өнеркәсіптік нысандардың бірі болып саналады. Жобаны іске асыру нәтижесінде кен орнындағы шикі мұнай өндіру көлемі жылына шамамен 12 миллион тоннаға артады. Барлық өндірістік нысандар толық қуатында іске қосылғаннан кейін «Теңізшевройлдың» жалпы мұнай өндіру көлемі жылына шамамен 40 миллион тоннаны құрайды.
Сапарға қатысушылар өндірістік инфрақұрылымның ауқымы мен жұмыстарды ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ кәсіпорында қолданылатын сапа стандарттары, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары және сапа менеджменті жүйелері ерекше қызығушылық тудырды. Бұл талаптарға сәйкестік мұнай-газ саласына өнім мен қызмет жеткізушілер үшін негізгі шарттардың бірі болып табылады.
Нысандарды аралау барысында IMBC мамандары қазақстандық өндірушілер өнімдерінің қолданылу мысалдарымен танысып, компания объектілерінде жергілікті қамтуды одан әрі дамыту әлеуетін талқылады.
Сапар барысында жинақталған тәжірибе IMBC-нің отандық өндірушілермен алдағы жұмысында пайдаланылатын болады. Өндірістік процестермен және жеткізушілерге қойылатын талаптармен танысу қазақстандық кәсіпорындардың даму бағыттарын тиімдірек айқындауға, сондай-ақ олардың ірі мұнай-газ жобаларында табысты бәсекелесіп, қатысу үлесін кеңейте алатын салаларды анықтауға мүмкіндік береді.
IMBC компаниясы «Теңізшевройлға» сапарды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және Теңіз кен орнының өндірістік процестері мен инфрақұрылымымен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдіреді.
.jpeg)